SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте дау тудырған видеодан кейін Қаратау ауданының әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Шенеунікке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.
Қалалық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің мәліметінше, Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа қатысты шешім Әдеп жөніндегі комиссияның ұсынымы негізінде қабылданған. Қала әкімінің тиісті өкімімен тәртіптік жаза ресми түрде бекітілді.
Тексеруге бұқаралық ақпарат құралдарында тараған материал себеп болған. Осыдан кейін аудан әкіміне қатысты қызметтік тергеп-тексеру басталып, тәртіптік іс қозғалған. Іс материалдары Әдеп жөніндегі комиссияның қарауына жіберілген.
Комиссия қорытындысында шенеуніктің әрекеттерінде қызметтік әдеп нормаларын бұзу белгілері бар екені анықталған. Соның негізінде оған «қызметіне толық сәйкес емес» деген ескерту жарияланған.
Қала әкімдігі бұл шешімнің 2026 жылғы 6 сәуірде қабылданғанын растады. Сонымен қатар аталған оқиға бойынша қосымша тексерулер жүргізілмегені белгілі болды.
Осы жағдайдан кейін мемлекеттік органдарға Әдеп кодексін сақтау және осындай келеңсіздіктердің алдын алу шараларын күшейту жөнінде арнайы хат жолданған.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде футбол алаңында ер адам біреуге соққы жасап жатқан бейне тараған. Көпшілік бұл адамның Қаратау ауданының әкіміне ұқсайтынын айтқан. Осыдан кейін ресми тексеріс басталған еді.
RUS