Еліміздегі ішкі туризмді қалай «тірілтеміз»?
Жаңа туристік бағыттар ашу үшін жол, су, электр жүйелері тартылып, бизнес пен демалушыларға қолайлы жағдай жасалмақ.
Қазақстанда ішкі туризмді дамыту нақты жоспарға сүйеніп жүргізіліп жатыр. Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов BIZDIÑ ORTA подкастында саланы алға жылжытудың негізгі бағыттарын атап өтті.
Оның айтуынша, 2023–2029 жылдарға арналған туризмді дамыту тұжырымдамасы бүгінде басты бағдарға айналған. Бұрын 10 бағытқа басымдық берілсе, енді күш үш негізгі аймаққа шоғырланған: Алматы, Маңғыстау және Бурабай. Бұл өңірлерге сұраныс жоғары әрі туристік әлеуеті дәлелденген.
Сарапшының сөзінше, туризмдегі ең әлсіз буын — инфрақұрылым. Жол, әуе және теміржол қатынасы дамымайынша, сала толыққанды ілгерілемейді. Бұған қоса су, электр, кәріз жүйелері мен қалдықтарды басқару сияқты базалық мәселелер де шешімін талап етеді.
Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады: алдымен жобалау, кейін қаржыландыру мен құрылыс. Алайда шығынның көптігі мен ұйымдастырудағы қиындықтар процесті баяулатады.
Байжановтың айтуынша, Бурабай мысалында инфрақұрылымды жүйелі дамыту нәтижесін көруге болады. Қазір негізгі мақсат — туристік ағынды теңестіру, жүктемені азайту және жаңа локацияларды дамыту. Осы мақсатта Шабақты, Қотыркөл, Жөкей көлдері маңында жаңа бағыттар ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, веложолдар, туристік соқпақтар, бақылау алаңдары мен автотұрақтар салу жұмыстары жүргізілуде. Туризмді заманауи форматқа бейімдеу үшін аудиогидтер мен геймификация элементтері де енгізілмек.