SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда коммуналдық қызметтер төлемнен жалтарған абоненттерге қарсы қатаң шараларға көшті. Енді қарызын өтемеген тұрғындардың пәтерінде ыстық су кезең-кезеңімен шектеліп жатыр. Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» ЖШС хабарлады.
Компания дерегіне сүйенсек, ескертулерге қарамастан, бірқатар тұтынушы қызмет ақысына салғырт қарап отыр. Соның салдарынан күн сайын ондаған пәтерде ыстық су өшірілуде.
Коммуналдық мекеме бұл шешімді мәжбүрлі қадам деп түсіндіреді. Өйткені төлемдердің уақытылы түспеуі алдағы жылыту маусымына дайындықты әлсіретіп, бүкіл жүйенің тұрақтылығына қауіп төндіреді.
2026 жылдың басынан бері қалада 623 абоненттің ыстық суы тоқтатылған. Бұдан бөлек, 2 204 борышкерге қатысты сотқа талап-арыз жолданды. Қарызын өтемегендердің 256-сының мүлкіне шектеу қойылып, 287 адамның банк шоты бұғатталған. Тағы 158 азаматқа елден шығуға тыйым салынған.
Сонымен қатар берешек сомасы жалақы мен өзге де табыс көздерінен мәжбүрлі түрде өндіріліп жатыр. Заңға сәйкес, мұндай жағдайда борышкердің мүлкіне, көлігіне, есепшоттарына шектеу қойылып, кей жағдайда лицензиялары да тоқтатылуы мүмкін.
Компания өкілдері бұл шаралар тек ұзақ уақыт бойы төлем жасамағандарға қатысты екенін айтады. Ыстық суды өшіру немесе сотқа жүгіну алдында тұрғындарға бірнеше мәрте ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
RUS