Екібастұзда үш күдікті дәрігерлерді ұрып-соққан
Мас күйдегі үш азамат травмпунктте жанжал шығарып, дәрігерге күш қолданған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұзда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасалған оқиға қоғамды селт еткізді. Қалалық аурухананың травмпунктінде болған жанжал соңы дәрігерді соққыға жығып, медбикені жарақаттаумен аяқталған. Қазір күдіктілер ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға 12 сәуір күні таңсәріде болған. Травмпунктке жергілікті тұрғын келген, қасында мас күйдегі екі танысы болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, олар өзін дөрекі ұстап, дәрігердің ескертуіне агрессиямен жауап берген.
Ғимараттан шығудан бас тартқан үш жігіт медицина қызметкеріне қол көтерген. Араша түспек болған медбике де соққыға жығылып, жарақат алған.
Қазіргі уақытта дәрігер мен медбике ауруханаға жатқызылған. Оқиға орнына жедел жеткен полиция күдіктілердің үшеуін де сол жерде қолға түсірген. Екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалса, үшіншісі арнайы палатаға орналастырылып, полиция күзетіне алынған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл іс жаңа заң талаптарына сәйкес қаралады. 2026 жылдың 7 наурызынан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін жауапкершілік күшейтілген.
Қолданыстағы заңнамаға сай, дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Материал авторы