ШҚО-да 2 жылға сотталған педофилге өмір бойғы жаза тағайындады
13 жастағы мектеп оқушысын зорлаған ер адамның жазасын апелляция өзгертті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстанда кәмелетке толмаған қызға қатысты іс бойынша сот үкімі түбегейлі өзгерді. Өскемендегі апелляциялық сот айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Іс деректеріне сүйенсек, 30 жастағы ер адам 13 жастағы мектеп оқушысын қала сыртындағы далаға алып шығып, онымен жыныстық қатынасқа түскен. Алайда бірінші сатыдағы сот бұл әрекетті «өзара келісім» ретінде бағалап, ауыр айыпты жеңіл бапқа ауыстырған. Соның нәтижесінде күдікті небәрі екі жылға сотталған.
Бұл шешім жәбірленуші тараптың наразылығын тудырып, олар үкімді әділетсіз деп танып, жазаны күшейтуді талап еткен.
Апелляциялық сот істі қайта қарап, барлық дәлелді жан-жақты саралаған. Сот алқасы тергеу толық жүргізілгенін, қажетті айғақтардың жеткілікті жиналғанын атап өтті. Сонымен бірге, бірінші инстанция сотының маңызды дәлелдерді ескерусіз қалдырғаны көрсетілді.
Адвокат Жанболат Әкежановтың айтуынша, апелляциялық саты дәлелдердің жиынтығын қайта бағалап, қылмыстың ауырлығына сәйкес үкім шығарған.
Нәтижесінде, екі жылдық жаза өмір бойына бас бостандығынан айырумен алмастырылды.
Материал авторы