Мектептегі қауіпті «әзіл»: Астанада оқушылар сыныпта газ шашқан
Жоғары сынып оқушысы бұрынғы түлекпен бірігіп, сынып ішінде газ баллонын шашып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы мектептердің бірінде оқушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген оқиға тіркелді. Сынып ішінде газ баллоншығын шашқан екі кәмелетке толмағанның әрекеті құқық қорғау органдарының бақылауына алынды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жоғары сынып оқушысы бұрын осы мектепте оқыған құрбысымен бірге бұзақылық ниетпен сыныпта газ шашқан. Оқиға кезінде оқушыларға өмірлік қауіп төнбегенімен, жағдай алаңдаушылық туғызды.
Полиция күдіктілердің жеке басын анықтап, олардың әрекетіне құқықтық баға берді. Тексеру барысында газды шашқан жасөспірімнің бұған дейін бірнеше рет үйден өз бетінше кетіп, профилактикалық есепте тұрғаны белгілі болды.
Оқиғаға байланысты мектепте профилактикалық кеңес өткізілді. Жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданып, қосымша шаралар қарастырылуда. Ал ата-аналар балалардың әрекеті үшін жауапқа тартылып, тәрбиелік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін де жауап беретін болды.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерді «балалық қылық» деп бағалауға болмайтынын ашық мәлімдеді. Бұл – айналадағыларға әдейі қауіп төндіру. Сондықтан әрбір осындай жағдайға принципті құқықтық баға беріледі.
Заң талаптарына сәйкес, мұндай оқиғалар профилактикалық мақсатта жария етілуі мүмкін. Бұл – ұқсас жағдайлардың алдын алуға бағытталған қадам.
Полиция ата-аналарды балалардың тәрбиесіне бейжай қарамауға шақырады. Кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері жауапсыз қалмайды.
Материал авторы