655

«Сөмкесінде 5 тапанша болған»: 8-сынып оқушысы 9 адамды атып тастап, өзіне қол жұмсады

Оқушы бұрын полицияда қызмет еткен әкесінің қаруларын алып кеткен.

«Сөмкесінде 5 тапанша болған»: 8-сынып оқушысы 9 адамды атып тастап, өзіне қол жұмсады
cgtnturk.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияның оңтүстік-шығысында орын алған мектептегі атыс елді дүр сілкіндірді. 8-сынып оқушысы рюкзагында бес тапанша алып кіріп, оқу орнында оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған. Қайғылы оқиғадан 9 адам қаза тауып, тағы 13 адам жарақат алды.

Оқиға 15 сәуір күні Кахраманмараш провинциясындағы Айшель Чалык атындағы орта мектепте болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, оқушы әкесіне тиесілі қаруды рұқсатсыз алып, мектепке кірген. Ол екі сыныпқа баса-көктеп кіріп, іште отырғандарға оқ атқан.

Құрбандар арасында бір мұғалім мен сегіз оқушы бар. Жараланған 13 адамның үшеуі ауыр халде жатыр. Шабуыл жасаған оқушы оқиға орнында өз-өзіне қол жұмсаған.

Қарудың иесі — бұрын полицияда қызмет еткен әкесі. Қазір ол ұсталып, тергеуге алынған.

Оқиғадан кейін мектеп маңына ата-аналар жиналып, аумақты полиция қоршауға алды. Тергеуге Түркияның Ішкі істер, Әділет және Білім министрлері араласқан. Қылмыстық іс бойынша бірнеше прокурор мен инспекторлар жұмылдырылған.

Билік мектептегі оқуды уақытша тоқтатып, әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Сонымен қатар тергеу құпиялығына байланысты ақпарат таратуға шектеу қойылған.

Түркияның Радио және теледидар кеңесі (RTÜK) оқиға орнынан фото-видео таратуға тыйым салынатынын ескертіп, талапты бұзғандарға қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді.

Бұл — Түркияда соңғы күндері тіркелген екінші мектептегі атыс. Бұған дейін де басқа өңірде бұрынғы оқушы жасаған шабуылдан 16 адам жараланған.

Билік пен қоғам білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін ашық көтеріп, жасөспірімдермен жұмыс пен психологиялық қолдауды күшейту қажеттігін айтып отыр.

Материал авторы