264

«Өшіреміз! Әзіл»: Қарағанды әкімі жылуға қатысты шағымдарға жауап берді

Қарағандылықтар пәтерлер мен мектептердегі ыстыққа шағымданып, жылуды өшіруді талап еткен.

«Өшіреміз! Әзіл»: Қарағанды әкімі жылуға қатысты шағымдарға жауап берді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды әкімі Мейрам Қожықов қала тұрғындарының пәтерлердегі ыстыққа қатысты шағымдарына әзілмен жауап берді. Әлеуметтік желідегі пікірлерде тұрғындар жылуды өшіруді талап еткен.

Қала басшысы Instagram парақшасында қарағандылықтардың жазбаларын жариялады. Онда тұрғындар мектептер мен пәтерлерде аптап ыстық болып тұрғанын айтып, батареяларды өшіруді сұраған.

«Мектептерде өте ыстық, балалар отыра алмай отыр», «Пәтерде пекло», «Терезе ашсаң да көмектеспейді» деген мазмұндағы пікірлер көп болған.

Бұл шағымдарға әкім әзілмен жауап қатты.

«Көптеген өтініштерден кейін қалада маңызды шешім қабылданды — жылуды өшіреміз! Көріп отырмын, оқып отырмын, таңғаламын: сыртта күн жылынса, батарея бірден басты мәселеге айналады. Бірақ Қарағандының мінезі күрделі қала.

Бүгін қайтадан жаңбыр, қар және суық болады деп болжанып отыр. Бірақ сұрасаңыздар — өшіреміз! Әзіл, әрине», — деді ол.

Әкімнің айтуынша, жылу маусымы — әрдайым тепе-теңдік мәселесі. Негізгі мақсат — барлық тұрғынға жайлы жағдай жасау.

Ол сондай-ақ ауа райы тұрақтанбай тұрып жылуды өшіру электр желілеріне қосымша жүктеме түсіретінін ескертті.

«Ауа райы тұрақты түрде жылынған кезде ғана нақты шешім қабылданады. Шамамен 20 сәуірден кейін қарастырамыз», — деді қала басшысы.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор