Ұлытауда адвокат 31 млн теңгені алдап алып, сот алдынан бір-ақ шықты
Адвокат клиентін алдап, қылмыстық істі тоқтатуға көмектесемін деп уәде берген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысында адвокат ірі көлемдегі алаяқтық және пара беруге итермелеу дерегі бойынша сотталды. Ол клиентінен 31 миллион теңге алдап алған.
Прокуратураның мәліметінше, күдікті биылғы ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері тарапынан ұсталған. Тергеу барысында адвокаттың өз клиентін әдейі жаңылыстырып, оның сеніміне кіргені анықталған.
Ол әйелді ұлына қатысты қылмыстық істі «жабуға көмектесемін» деп сендіріп, ірі көлемде ақша беруге үгіттеген. Адвокат бұл қаражатты лауазымды тұлғаларға жеткіземін деп уәде еткен. Алайда іс жүзінде ешқандай мәселе шешілмеген, ақша толығымен өзі тарапынан иемденілген.
Осылайша, ол клиентінен 31 миллион теңгені алаяқтық жолмен иеленген.
Жезқазған қалалық сотының үкімімен адвокат 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 5 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен және заңгерлік кеңес беру қызметімен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы