5446

Еуропада авиаотын небәрі алты аптаға жетуі мүмкін

Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімі тоқтаса, жаһандық энергетикалық дағдарыс тереңдей түспек.

Еуропада авиаотын небәрі алты аптаға жетуі мүмкін
Sputnik / Тимур Батыршин

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еуропада авиациялық керосин қоры күрт азайып, небәрі алты аптаға ғана жетуі мүмкін. Бұл туралы Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бироль мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранмен байланысты шиеленіс салдарынан Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімі тоқтап қалса, әуе қатынасы елеулі қиындықтарға тап болады.

Бироль жағдайды «соңғы уақыттағы ең ірі энергетикалық дағдарыс» деп бағалады. Оның пікірінше, дағдарыс созылған сайын жаһандық экономикаға қысым күшейіп, инфляция үдей түседі.

Ең алдымен соққыны Азия елдері сезінеді. Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Пәкістан және Бангладеш Таяу Шығыс мұнайына тәуелді болғандықтан, бағаның өсуі мен жеткізілімдегі іркілістерді бірінші болып бастан кешіреді. Кейін бұл әсер Еуропа мен АҚШ-қа жетеді.

Егер Ормуз бұғазы қайта ашылмаса, Еуропада авиаотын тапшылығы туындап, кейбір әуе рейстерін тоқтатуға тура келуі мүмкін. Бұл әсіресе табысы төмен бағыттарға әсер етеді.

Германияның ірі әуе тасымалдаушысы Lufthansa ықтимал дағдарысқа дайындық жоспарын әзірлеп қойған. Компания қажет болған жағдайда 40-қа дейін ескі ұшағын пайдаланудан шығарады. Сонымен қатар, биылға қажетті керосиннің шамамен 80 пайызы алдын ала сатып алынған, ал келесі жылға қажеттіліктің 40 пайызы қамтылған.

Соған қарамастан, компания билет бағасын көтеріп үлгерді және алдағы уақытта тағы да қымбаттауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл тек әуе қатынасына ғана емес, жалпы әлемдік нарыққа қысым түсіретін факторға айналуы ықтимал.

Материал авторы