Рыбакина Porsche ұтып алған соң ғана жүргізуші куәлігін алғанын мойындады
Әлемнің екінші ракеткасы Porsche алғаннан кейін ғана рөлге отыруды мақсат еткенін ашық айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, теннисші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарттағы турнирді сәтті бастап қана қоймай, жеке өміріне қатысты қызық жайтты да ашық айтты.
Спортшы жүргізуші куәлігін жақында ғана алғанын мойындады. Оның айтуынша, бұл шешімге нақты бір себеп түрткі болған — турнирдегі жеңіс үшін сыйға берілген көлік.
2024 жылы Штутгарттағы жарыста топ жарған Рыбакина чемпиондық атақпен бірге Porsche Taycan 4S Sport Turismo автокөлігін иеленген еді. Алайда сол кезде оның жүргізуші куәлігі болмағандықтан, темір тұлпарды тізгіндеуге мүмкіндігі болмапты.
«Жеңіс мені ақыры емтихан тапсырып, құқық алуға итермеледі. Қазір куәлігім бар, көлікті де айдап жүрмін. Дайындық кезінде қолданамын. Турнирлер көп болғандықтан, рөлге отыруды сағынып қаламын, бірақ қайта жүргізу — керемет сезім», — деді теннисші.
Айта кетейік, Штутгарттағы турнирдің 1/8 финалында Рыбакина ресейлік Диана Шнайдер спортшыны жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Материал авторы