SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдегі мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасалған шабуылдардан кейін теңізде ірі экологиялық апат тіркелді. Краснодар өлкесіндегі Туапсе портындағы теңіз терминалы мен мұнай өңдеу зауытына дрондар соққы берген соң, акваторияда көлемі 10 мың шаршы метрге жететін мұнай дағы пайда болды.
Ластану жексенбі, 19 сәуір күні ғарыштық мониторинг арқылы анықталған. Жедел штаб мәліметінше, алып дақ порт жағалауынан шамамен 1,5 теңіз милі қашықтықта қалқып жүр. Қазіргі уақытта төтенше қызметтер мұнайдың таралуын шектеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мұнай өнімдері теңізбен ғана шектелмей, Туапсе өзеніне де тараған. Алайда бұл учаскедегі ластану оқшауланғаны хабарланды.
Порттағы жағдай әлі де күрделі күйде қалып отыр. 16 сәуірге қараған түні басталған өрт тек үш күннен кейін ғана толық сөндірілген. Бірақ арада көп уақыт өтпей, 20 сәуірге қараған түні нысан қайта шабуылға ұшырап, аумақта тағы да ірі өрт тұтанды. Онымен күреске өрт сөндірушілермен қатар арнайы екі өрт сөндіру пойызы тартылған.
Туапсе мұнай өңдеу зауыты өңірдегі мұнай өнімдерін өңдеу мен экспорттаудың негізгі нүктелерінің бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай көлемдегі төгінді Қара теңіздің экожүйесіне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
RUS