Алматыда арықтан ер адамның мәйіті табылды
Коммуналдық қызметкерлер арықты тазалау кезінде ер адамның денесін тауып алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда арықтан ер адамның мәйіті табылды. Оқиға Бостандық ауданында тіркелген.
Коммуналдық қызмет өкілдері арықтағы бітелісті тазалау үшін шақыртуға келген кезде күтпеген жайтқа тап болған. Қоқыс орнына олар ер адамның денесін анықтаған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, марқұм мас күйінде болған. Тепе-теңдігін жоғалтып, арыққа құлап кеткен. Салдарынан алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмған.
Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы
Дана Асылбекқызы
Тілші