SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Apple корпорациясы басшылық құрамында ірі өзгеріс болатынын ресми жариялады. Компанияны соңғы 15 жыл басқарған Тим Кук 2026 жылдың 1 қыркүйегінде бас директор қызметінен кетеді.
Оның орнына аппараттық әзірлемелер бойынша аға вице-президент қызметін атқарып келген Джон Тернус тағайындалады. Компаниядағы еңбек жолын 2001 жылы бастаған ол iPad, AirPods, iPhone және Mac құрылғыларының жаңа буындарын әзірлеуге жетекшілік еткен тәжірибелі менеджер саналады.
Тим Кук компаниядан толық кетпейді. Ол директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы қызметіне ауысып, стратегиялық мәселелер мен халықаралық деңгейдегі байланыстарға басымдық бермек. Жаңа басшыға билікті кезең-кезеңімен тапсыру үшін Кук жаз бойы қызметін жалғастырады.
Кук дәуірі компания тарихындағы ең табысты кезеңдердің бірі ретінде бағаланып отыр. 2011 жылы Стив Джобс орнын басқаннан бері Apple-дың нарықтық құны бірнеше есе өсіп, әлемдегі ең қымбат компаниялардың қатарына шықты. Осы кезеңде Apple Watch, AirPods және Vision Pro сияқты өнімдер таныстырылып, компания қызмет көрсету сервистері арқылы да ірі экожүйеге айналды.
Сарапшылар Джон Тернустың тағайындалуын компанияның ішкі сабақтастықты сақтай отырып, технологиялық бағытты жалғастыруға ұмтылысы деп бағалап отыр.
RUS