SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, павлодарлық жетімдер үйінің тәрбиеленушісі бір тәуліктің ішінде пәтер алуға қажетті қаражатты жинап, әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Қарапайым идея көпшіліктің қолдауымен нақты нәтижеге айналды.
Анастасия Кулик жариялаған қысқа видеода есеп қарапайым еді: егер 30 мың адам небәрі 200 теңгеден аударса, баспанаға жететін қаражат жиналады. Ол өз сөзінде балалар үйінде өскенін, бұрын алаяқтыққа ұрынып, баспанасынан айырылғанын ашық айтты.
Эмоцияға құрылған ролик қысқа уақытта кең таралып, мыңдаған адам үн қосты. Нәтижесінде қажетті сома небәрі бір күн ішінде жиналып, қыз қаржы жинауды тоқтататынын мәлімдеді.
Кейінгі үндеуінде Анастасия көз жасын тыя алмай, көмектескен жандарға алғыс білдірді. «Мен өзімді ең бақытты адам сезініп отырмын», — деді ол. Қазір оның айтуынша, пәтерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, ал сатып алу жайлы толық мәліметті кейінірек бөліспек.
Бұл оқиға желіде жаңа құбылыстың басталуына түрткі болды. Қазақстандық әйелдер жаппай ұқсас форматта видео жариялап, шағын сомада қаржылай көмек сұрай бастады. Біреулер мұны халықтың бір-біріне деген жанашырлығы деп бағаласа, енді бірі мұндай тәсілдің тез ақша жинаудың жеңіл жолына айналып бара жатқанын алға тартады.
Қалай болғанда да, бір адамның тағдыры көпшіліктің назарын аударып қана қоймай, қоғамдағы қаржылай қолдау мәдениетінің жаңа моделін көрсетіп берді.
RUS