257

Бектенов мұғалімдердің ерекше балаларды оқытуға дайын еместігін айтты

Логопед, сурдолог және реабилитолог сияқты мамандардың тапшылығы өткір байқалып отыр.

Бектенов мұғалімдердің ерекше балаларды оқытуға дайын еместігін айтты
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда инклюзивті білім беру саласында жүйелі олқылықтар бар. Әсіресе ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтардың дайындық деңгейі жеткіліксіз. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, еліміздің бірқатар өңірлерінде — Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында — ерекше балалардың бәрі бірдей біліммен және инклюзивті орта жағдайымен қамтылмаған. Бұған қоса, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялардың жүктемесі тым жоғары, нәтижесінде балаларды бағалау процесі айлап созылып кетеді.

Премьер-министрдің сөзінше, салада маман тапшылығы да өткір сезілуде. Логопед, сурдолог, реабилитолог сияқты тар бейінді мамандар жетіспейді. Ал қолданыстағы педагогтардың тәжірибелік дағдылары әлсіз, ерекше қажеттілігі бар балалармен нақты жұмыс жүргізу тәсілдері толық қалыптаспаған.

«Көп мұғалімдердің ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде нақты тәжірибесі жоқ», — деді Үкімет басшысы.

Бұл мәселе тек ресми есептермен емес, азаматтардың шағымдарымен де расталып отыр. Көптеген ата-ана инклюзивті білім берудің сапасына көңілдері толмайтынын жиі айтады.

Осыған байланысты Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне мұғалімдерге арналған тұрақты оқыту курстарын жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды. Оның айтуынша, инклюзивті білім беру қағаз жүзінде емес, нақты тәжірибеде жұмыс істеуі тиіс.

Материал авторы