SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда ипотека алу шарттары қатаңдайды. Сарапшылардың айтуынша, 1 шілдеден бастап тұрғын үй несиесін рәсімдеу бұрынғыдан әлдеқайда күрделі болмақ.
Ипотека нарығындағы жаңа талаптарға сәйкес, енді қарыз алушылардың төлем қабілетін тексеру күшейтіледі. Банктер ресми табысты міндетті түрде растауды талап етеді, ал бейресми кіріске сүйеніп несие алу мүмкіндігі іс жүзінде жойылады.
Ипотека сарапшысы Толғанай Баешева Jibek Joly телеарнасының эфирінде бұл өзгерістердің мәнін тарқатып берді. Оның сөзінше, жаңа ереже бойынша азаматтың табысының тек 50 пайызы ғана несие төлеуге жұмсалуы тиіс. Егер бұл көрсеткіштен асып кетсе, банк өтінімді қабылдамайды.
Сарапшы мұндай талаптар халықтың басым бөлігі үшін баспана алуды қиындатуы мүмкін екенін жасырмады. Себебі қазақстандықтардың едәуір бөлігінде бірнеше несие бар, ал жаңа лимит бұл мүмкіндікті шектейді.
Сонымен қатар ипотека нарығында белгілі бір оң өзгерістер де қарастырылған. Әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы қайта іске қосылмақ. Былтыр қаржы тапшылығына байланысты тоқтаған жоба биыл шілде–тамыз айларында қайта жанданады деп күтілуде.
Бағдарлама шарттары бойынша әйелдер бірінші және екінші нарықтан баспана сатып ала алады. Алғашқы жарна өңірлерде 15 пайыз, ірі қалаларда 20 пайыз деңгейінде белгіленбек. Сонымен қатар «Жасыл ипотека» тек жаңа құрылыс нысандарына бағытталады. Екі бағдарламаға да шамамен 45 миллиард теңгеден бөлініп, 2 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамту көзделіп отыр.
Тағы бір маңызды өзгеріс — ипотекалық мөлшерлемелер енді біркелкі болмайды. Пайыздық үстеме әрбір клиенттің қаржылық жағдайына қарай есептеледі. Яғни бастапқы жарнасы жоғары әрі несие тарихы таза азаматтар үшін пайыз төмен болмақ. Ал алғашқы жарна аз болса, мөлшерлеме керісінше өседі.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа жүйе азаматтарды көбірек қаржы жинауға және қарыз жүктемесін азайтуға ынталандырады.
Мамандар қазірдің өзінде шешім қабылдауды ұсынып отыр: несиесі көп, бірақ табысы жеткілікті азаматтарға 1 шілдеге дейін ипотека рәсімдеп үлгеру тиімді. Ал жинағы мол адамдарға жаңа бағдарламаларды күтіп, тиімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік бар.
RUS