SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау даласында шашылған қоқыс қоғамда резонанс туғызды. Әлеуметтік желіде блогер Азамат Сәрсенбаев жариялаған видеода Баянды ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны маңында қаптар мен пластиктің кең аумаққа жайылып кеткені анық көрінеді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бұл нысанның жұмыс істеп тұрған полигон екенін мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, қоқыстың жеңіл фракциялары — пленка, қағаз секілді қалдықтардың негізгі аумақтан тыс таралуы табиғи және технологиялық факторларға байланысты болуы мүмкін.
Ресми дерекке сәйкес, 18 сәуірде полигон аумағында сенбілік өткізіліп, санитарлық тазалау жүргізілген. Алайда арада екі күн өткен соң, 20 сәуірде полигон маңында өрт тіркелген. Өртті сөндіру барысында және күшейген желдің әсерінен жеңіл қалдықтар қайтадан айналаға ұшып, қазіргі жағдайға себеп болған.
Жауапты орган бұл жағдайдың уақытша екенін, нысанда бақылау әлсірегенімен байланысты емес екенін атап өтті. Қазір полигон мен оған іргелес аумақтарды толық тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы техника мен қызметтер жұмылдырылған, ал тазалау жақын күндері аяқталады деп жоспарланған.
Жергілікті билік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлап, жұмыс қорытындысы бойынша фотоесеп ұсынуға уәде берді.
RUS