SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Бақытжан Базарбек «Болашақ» бағдарламасына қатысты бірқатар күмәнді деректерді көтерді. Оның айтуынша, бағдарлама арқылы шетелде оқығандардың арасында талапқа сай келмегендер мен жүйедегі олқылықтар миллиардтаған теңге шығынға әкелуі мүмкін.
Депутаттың мәліметінше, тексеріс нәтижесінде 881 үміткердің талаптарға сай келмегені анықталған. Сонымен қатар 151 стипендия белгіленген лимиттен тыс беріліп, 2,5 млрд теңгеден астам қаржы заңсыз жұмсалған болуы мүмкін. Тағы 71 үміткердің рәсімдерді айналып өтіп, бір-біріне кепілгер болған жағдайлар да тіркелген.
Базарбектің айтуынша, кейбір шенеуніктердің кейін «Болашақпен» оқып келіп, бірнеше жылдан соң сыбайлас жемқорлық істеріне ілінуі жүйенің тиімділігіне үлкен сұрақ туғызады.
«Біз кімдерді дайындап жатырмыз деген сұрақ туындайды. Кейбір фактілерді тіпті қылмыстық іс қозғауға негіз болатын жағдайлар деп бағалауға болады», – деді депутат.
Ол Жоғары аудиторлық палата деректеріне сүйене отырып, мемлекет қаражатын қайтару үшін сотқа талап-арыз беру қажет екенін де атап өтті.
Депутаттың бағалауынша, жалпы сома шамамен 10 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Оның сөзінше, бұл қаржының бір бөлігі шетелде бюджет есебінен оқып жатқан тұлғалардың туыстары мен балаларына жұмсалған.
«Министрлік нақты тізімді жариялауы тиіс. Сонымен қатар Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы комиссия құрып, барлық бұзушылықтарға жауапты тұлғаларды анықтау қажет», – деді Базарбек.
RUS