SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров тәуелсіз Kaktus.media басылымына берген кең көлемді сұхбатында елдегі саяси жағдай мен мемлекеттік төңкеріс әрекеті туралы мәлімдеме жасады. Ол қоғамда қызу талқыланған оқиғаларға қатысты өз ұстанымын ашық айтты.
Президенттің сөзінше, биыл ақпанда болған және кейбір ақпарат құралдары «мемлекеттік төңкеріс әрекеті» деп атаған жағдайлар оның бақылауында болған.
«“75 адамның хаты” бойынша оқиғалар басталған сәтте-ақ менде ақпарат болды», – деді Жапаров. Оның айтуынша, ол хаттың қозғалысын барлық деңгейде бақылап отырған.
Журналистер бұл іске Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері де қатысуы мүмкін екенін еске салды. Сондай-ақ Камчыбек Ташиев туралы да сұрақ қойылды.
«Сіздің досыңыз Камчыбек Ташиев бұл іске қатысы бар ма? Егер бар болса, неге ол бостандықта жүр? Заң бәріне бірдей емес пе?» – деген сұраққа президент тергеу мен сот шешіміне сілтеме жасады.
«Оның кінәсі бар-жоғын тергеу мен сот анықтайды. Қазір іс толық аяқталған жоқ. Тергеу біткен соң материал сотқа жолданады. Соңғы шешімді сот шығарады», – деді Жапаров.
Сондай-ақ оған Ташиевтің бауыры, Жогорку Кенеш депутаты Шаирбек Ташиев туралы да сұрақ қойылды. Журналистер президент пен Ташиев арасындағы жақын қарым-қатынас шешімдерге әсер ете ме деген күмәнді де көтерді.
Жапаров мұндай жағдайдың болмайтынын қатаң түрде жоққа шығарды.
«Мен билікке келгеннен бері “дос”, “туыс”, “жақын адам” деген ұғымдар жоқ екенін бірнеше рет айттым. Мен үшін бастысы – мемлекет пен халықтың мүддесі. Заң бұзылса, ешкім жауапкершіліктен құтылмайды», – деді ол.
Сонымен қатар президент тергеу Шаирбек Ташиевтің Кыргызнефтегаз кәсіпорнындағы сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар екенін анықтағанын айтты. Бұл іс салдарынан мемлекетке 4 млрд 115 млн сом шығын келген. Оның айтуынша, тек шығын толық өтелген жағдайда ғана іс бойынша жеңілдік қарастырылуы мүмкін.
Еске салайық, биыл ақпанда Камчыбек Ташиев Қырғызстанның ҰҚМК төрағасы қызметінен босатылған еді. Ол бұл шешімді күтпегенін мәлімдеген. Кейін президент оның мемлекеттік қызметке қайта оралмайтынын айтқан.
RUS