SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда кәріз құдығына қатысты қауіпті жағдай тағы қайталанды. Бұл жолы картонмен жабылған люкке кішкентай қыз құлап түсті. Оқиға 26 сәуір кешкісін 19А ықшамауданында, №15 үйдің маңында болған.
Жәбірленушінің анасы Шолпанның айтуынша, ашық тұрған люк жаңбырдан кейін үш қабат картонмен ғана жабылған. Мұндай «қорғаныс» балалар ойнайтын аумақта қауіпсіздік талаптарына мүлде сай келмейді.
Оқиға болған күні қыз әдеттегіден сәл әрірек, үлкенірек балалармен ойнап жүрген. Біраздан кейін анасы баласының үн қатпай қалғанын байқап, іздеуге шыққан. Сол кезде бір бала келіп, біреудің люкке құлағанын айтқан. Әйел бастапқыда бұл өз қызы деп ойламаған.
Ең сорақысы – бала көмекке шақырғанымен, айналадағы ересектердің ешқайсысы көмектеспеген. Бес айлық жүкті ана қызын өз күшімен әзер шығарып алған.
Оқиғадан кейін ата-анасы полиция шақырып, арыз жазған. Қауіпті люк уақытша үлкен таспен жабылған. Ал қыз бала ауруханаға жеткізіліп, тексеруден өтті. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады: денесінде жеңіл жарақаттар – сызаттар, көгерулер және басында ісік анықталған.
Қалалық әкімдік бұл жағдайға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Ал тұрғындар балалар алаңының жанындағы мұндай қауіптің кімнің жауапкершілігінде екенін ашық сұрап отыр.
RUS