SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға тұрақты тұруға рұқсат беру тәртібі, сондай-ақ қандас мәртебесін беру және ұзарту талаптары қайта қаралып жатыр. Бұл бағыттағы пилоттық жобаға бірқатар өзгеріс енгізілмек. Құжатты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Өнеркәсіп және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Цифрлық даму министрлігі және Ішкі істер министрлігі бірлесіп әзірлеген.
Жаңа тәртіп бойынша Қазақстанда тұрақты тұруға ниет білдірген шетелдіктерге арналған тілдік және білімдік тексеріс жүйесінің нәтижелері тест аяқталып, бақылау тексерісі жүргізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде беріледі.
Егер үміткер әр бөлім бойынша 70–100 пайыз нәтиже көрсетсе, оған тестілеуден өткені туралы сертификат беріледі. Ал белгіленген шектен төмен нәтиже алғандарға тек анықтама беріледі.
Бір немесе екі бөлімнен 70 пайыздан төмен нәтиже көрсеткендерге тесті қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бірақ бұл мүмкіндік 30 күн ішінде екі реттен аспауы тиіс.
Сонымен қатар көші-қон әлеуетін бағалау жүйесі нақтыланады. Үміткерлердің білімі, тіл меңгеруі, еңбек өтілі және өзге де көрсеткіштері бойынша балл есептеледі. Ең төменгі өту шегі 600 балл болып белгіленген.
Қандас мәртебесіне қатысты талаптар да қатаңдайды. Егер адам мемлекет белгілеген қоныстандыру аймақтарынан тыс жерге көшсе, қаржылық қабілетін, еңбек тәжірибесін және ресми табысын растамаса немесе әкімшілік не қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол берсе, мәртебеден айырылуы мүмкін.
Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін шетел азаматы Қазақстанда кемінде бір жыл заңды түрде қоныстандыру аймақтарында тұруы тиіс. Бұл аймақтарға Ақмола облысы (Көкшетау маңындағы елді мекендерді қоспағанда), Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау өңірлері кіреді.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі толық құжат тапсырылған күннен бастап 45 күнтізбелік күнді құрайды.
Құжаттар тізіміне көші-қон талаптарына сәйкестікті бағалаудан өткені туралы анықтама және қаржылық төлем қабілетін растау кіреді. Бұл үшін банктік шотта кемінде 1320 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат болуы қажет, бұл 2026 жылы 5 709 000 теңгеге тең. Бұл талап бес жыл бойы жыл сайын расталып отырады.
Сондай-ақ азамат өз елінен тұрақты тұру мақсатында кетуге келісім беретін құжат немесе балама рұқсат қағазын ұсынуы тиіс.
Жаңа ережеде тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту немесе оны кері қайтарып алу негіздері кеңейтілген. Олардың қатарында заңсыз келу, ауыр және аса ауыр қылмыстар, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар, ұлтаралық немесе діни араздық қоздыру, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіру, жалған құжат ұсыну, саусақ іздерін тіркеуден өтпеу, көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бірнеше рет бұзу бар.
Сонымен қатар, рұқсат алғаннан кейін 12 ай ішінде елде 183 күннен аз болу, сұранысқа ие мамандық бойынша жұмыс істемеу, тіркелген мекенжайда тұрмау немесе белгіленген мерзім ішінде басқа өңірге қоныс аудару да рұқсаттың күшін жоюға негіз бола алады.
Бірлескен бұйрық қол қойылған күннен бастап күшіне еніп, 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады.
RUS