SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысындағы бұрынғы президент резиденциясының аумағын балалар игілігіне беру туралы бастама ақыры басқа арнаға бұрылды. Енді Каспий жағалауындағы 226 гектар жерге тұрғын үйлер, туристік нысандар мен әкімшілік ғимараттар салу жоспарланып отыр.
Tengrinews.kz мәліметінше, 2023 жылдың ақпанында елдегі бес аймақтық резиденцияны балалар қажеттілігіне беру туралы бастама көтерілген еді. Алайда үш жылдан кейін Ақтаудағы жоба бастапқы уәдеден мүлде алыстап кеткен.
Алғашында Маңғыстау облысының әкімдігі бұл аумақта балалар орталығын ашуға дайын екенін мәлімдеген. Бірақ уақыт өте шенеуніктердің ұстанымы өзгерді.
2024 жылдың тамызында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Каспий жағалауындағы аумақ ірі туристік бағытқа айналатынын айтқан.
Кейін, 2024 жылдың желтоқсанында жоспар ауқымы кеңейіп, мұнда 10 мың орындық стадион, мешіт және шағын және орта бизнес нысандары салынатыны жарияланды.
Ал 2025 жылдың қыркүйегінде Ақтау әкімі Әбілқайыр Байпақов аталған жерде тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар бой көтеретінін мәлімдеп, жобаны «ең жайлы қалалық орта» деп атаған.
Соңғы мәлімдемелерде балаларға арналған нысандар туралы мүлде айтылмаған.
Материалда бұл бастаманың кешеуілдеуіне жердің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселелер себеп болғаны айтылады. 2000-жылдары жекеменшікке заңсыз өтіп кеткен аумақ тек 2023 жылдың тамызында сот арқылы мемлекетке қайтарылған. Жердің құны шамамен миллиард теңгеге бағаланған.
Алайда әкімдік редакция сауалына берген ресми жауабында Маңғыстау облысында президент резиденциясы мүлде болмағанын мәлімдеген.
«Маңғыстау облысының аумағында мемлекет басшысының резиденциясы жоқ және бұрын жұмыс істемеген. Аталған жер бұрын жекеменшік кәсіпкердің иелігінде болған», — делінген жауапта.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша аумақ «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қарамағына бекітілген және әлі игерілмеген.
Президенттік бағдарламаға кірген бес нысанның тек екеуі ғана балалар игілігіне берілгені белгілі болды.
Жамбыл облысында «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы ашылған. Ал Қостанай облысында мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы жұмыс істеп тұр.
Атырау облысында балалар лагерінің құрылысы су тасқынына байланысты созылып кеткен. Ал Ақтөбе облысында резиденция жекеменшік компания иелігінде қалып, балаларға оның орнына қаладағы қарапайым жеке сектордан ғимарат бөлінген.
RUS