SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте Ордабасы жанкүйерлері «Ақтөбеге» қарсы үй матчына ерекше форматта келіп, көпшіліктің назарын аударды.
Футбол жанкүйерлері стадионға атпен жетіп, ұлттық нақыштағы әсерлі перформанс ұйымдастырған. Осылайша шымкенттік фанаттар Қазақстандағы ең белсенді жанкүйер топтарының бірі саналатын Ақтөбе клубының қолдаушыларына өзіндік жауап қайтарды.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ұлттық киім киген шабандоздар мен клуб атрибутикасын ұстаған жанкүйерлер көрінеді. Сонымен қатар олар команда түстеріндегі фаерлер жағып, стадион маңында ауқымды визуалды шоу жасаған.
Жүздеген жанкүйер ту мен шарфтарын ұстап, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион бағытына қарай шерумен барған.
Әлеуметтік желі қолданушылары Шымкенттегі атмосфераны Еуропаның ірі клубтарындағы жанкүйерлік мәдениетпен салыстырып, қаланы «футбол астанасы» деп атады.
Пікірлер арасында «Бұл — мүлде басқа деңгей», «Шымкент — футболдың астанасы», «Қазақстан премьер-лигасы тарихындағы ең ерекше перформанстардың бірі» деген жазбалар көптеп тараған.
RUS