SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда футбол ойыны кезінде төбелес шығарған Үндістан азаматтарының Қазақстанда әрі қарай болу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.
Оқиға мамыр айының басында Алматыдағы жекеменшік футбол алаңдарының бірінде болған. Полиция мәліметінше, жанжал Үндістан азаматтары мен үндістандық студенттердің арасында туындаған.
Бастапқыда әлеуметтік желілерде бұл халықаралық турнир кезіндегі қақтығыс ретінде тараған. Алайда полиция аталған ақпаратты жоққа шығарды.
— Бұл халықаралық матч немесе турнир болған жоқ. Жергілікті сипаттағы ойын еді, — деді Салтанат Әзірбек.
Полиция әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілгенін хабарлады. Бірнеше адам ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жауапкершілікке тартылған.
Қазір төбелеске қатысқан шетел азаматтарының Қазақстан аумағында әрі қарай болуына қатысты шешім қабылдануы мүмкін.
RUS