SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу жаңа бағытта жалғасып жатыр. Енді құқық қорғау органдары кісі өлтіруге күдіктінің туыстарының әрекетін де тексеруге кірісті. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, тергеу Нұрайды күдіктінің үйіне неке қию мақсатымен алып кеткен кездегі жағдайларға ерекше назар аударып отыр. Бұл оқиғаға қатысты видео қыздың өлімінен кейін жария болған.
«Қазір Нұрайдың өлімі бойынша белсенді тергеу амалдары жүріп жатыр. Жәбірленуші тарап күдіктінің жанында болған, қызды үйге әкелуге қатысқан адамдардың әрекетін де тексеруді талап етуде. Тергеу барлық уәжді толық зерттеп, істің сотта жан-жақты қаралуын қамтамасыз етуі керек», — деді Санжар Әділов.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні кешке Шымкент көшелерінің бірінен пышақ жарақатын алған қыз табылып, оқиға орнында көз жұмған. Күдікті ретінде 28 жастағы танысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
Қоғамда резонанс тудырған істен кейін полиция қызметкерлерінің әрекетіне де қызметтік тексеру басталды. Соның нәтижесінде Шымкент полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметтерінен босатылды. Бұдан бөлек, бірнеше лауазымды тұлға да орындарынан кетті.
Марқұмның ісі бойынша кейіннен Қылмыстық кодекстің «мәжбүрлі неке» бабымен бөлек іс қозғалды. Сонымен қатар полиция «сталкинг» фактісі бойынша да жаңа қылмыстық істі тіркеді.
Жәбірленуші тарап Шымкент полициясы мен қалалық прокуратура жүргізіп жатқан тергеуге сенімсіздік білдірген.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов арнайы Шымкентке барып, ведомстволық кеңес өткізген еді. Ал күдікті психикалық тұрғыда сау деп танылған.
RUS