SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Оралда автосалон ғимаратындағы қолдан жасалған көтергіш механизмнің арқан-тросы үзіліп, төрт әйел биіктен құлап жарақат алды. Зардап шеккендер шұғыл түрде қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.
Оқиға 16 сәуір күні Шолохов көшесіндегі автосалондардың бірінде болған. Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жертөле мен екінші қабат арасында қатынауға пайдаланылған көтергіш құрылғы кенет істен шыққан.
Кейін белгілі болғандай, әйелдер арнайы сертификатталмаған, қолдан құрастырылған механизммен көтерілген. Сол сәтте трос үзіліп, адамдар төменге құлаған.
БҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті оқиғаға байланысты тергеу басталғанын хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, тексеріс 24 сәуірде басталып, 30 күн ішінде аяқталуы тиіс.
— Оқиғаның барлық мән-жайы зерттеліп жатыр. Кешенді тексеру жүргізіледі, — деді департамент басшысының орынбасары Арман Түйгінбетов.
Әзірге зардап шеккендердің нақты жағдайы туралы денсаулық сақтау басқармасы ресми ақпарат берген жоқ.
RUS