SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей Сыртқы істер министрлігі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдарды Киевтегі қызметкерлерін алдын ала эвакуациялауға үндеді. Мәскеу Украина тарапы 8-9 мамырға жарияланған «үнсіздік режимін» бұзса, Киевке жаппай соққы жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ресей СІМ-інің ресми өкілі Мария Захарованің айтуынша, тиісті нота 4 мамыр күні Украинадағы барлық аккредиттелген елшіліктер мен халықаралық ұйымдарға жолданған.
Захарова Ресей әскері Киевке ауқымды соққы беруі ықтимал екенін айтып, мұны Украина тарапынан «Жеңіс күніне арналған бітімді» бұзу қаупімен байланыстырды. Оның сөзінше, Ресей 8 және 9 мамырға біржақты тәртіппен уақытша бітім жариялаған.
Сонымен қатар, ресейлік дипломат Владимир Зеленскийді Мәскеудегі Жеңіс күні шараларын бұзуға ниетті деп айыптады. Бұған дейін Зеленский Ереванда өткен Еуропалық саяси қауымдастық саммитінде Мәскеудегі әскери техникалар қатыспайтын қысқартылған парадты Ресей билігінің украин дрондарынан қауіптенуімен байланыстырған еді. Ресей Қорғаныс министрлігі бұл мәлімдемені 9 мамырда Мәскеуге дронмен шабуыл жасалуы мүмкін деген ескерту ретінде қабылдаған.
Мамыр айының басында Владимир Путиннің шешімімен Ресей 8-9 мамыр күндері «Жеңіс күніне орай» уақытша бітім жариялағанын хабарлады. Ресей Қорғаныс министрлігі Украина мерекелік шараларға кедергі келтіруге әрекеттенсе, Киевтің орталығына жаппай зымыран соққысы жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Өз кезегінде Владимир Зеленский Украина 6 мамырдан бастап атысты тоқтатуға дайын екенін айтқан. Ол адам өмірі кез келген мерекелік датадан әлдеқайда маңызды екенін атап өтті. Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов де Киев Ресей шабуылдарын тоқтатса, «үнсіздік режимін» сақтауға әзір екенін мәлімдеген.
6 мамыр күні Зеленский Ресейді жарияланған бітімді бұзды деп айыптап, Украина «айна-қатесіз жауап беретінін» ескертті.
RUS