SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 70 жастағы ер адам көршілеріне пышақпен шабуыл жасап, екі адамды ауыр жаралады. Қазір зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz жазды.
Оқиға Жаңаталап шағынауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, жанжалға балалардың ойыны себеп болған. Тұрғындардың сөзінше, аулада ойнап жүрген балалар күдіктінің үйіне тас лақтырған. Бұған ашуланған қария кейін көршілеріне суық қарумен шабуыл жасаған.
«Балалар үйінің төбесіне тас лақтырған екен. Содан ашуын үлкендерден алмақ болған. Екі адамды пышақтап кетті. Қазір екеуі де ауруханада жатыр», — дейді көршілердің бірі.
Куәгерлердің мәліметінше, алғашында күдікті бір адамға шабуыл жасаған. Сол сәтте екінші көршісі араша түсу үшін сыртқа шыққанымен, өзі де пышақ жарақатын алған.
Дәрігерлердің айтуынша, 60 жастағы екі тұрғын да ауыр хәлде жеткізілген.
«5 мамыр күні түнгі сағат 23:00-ден кейін екі науқас ауыр жарақатпен түсті. Оларға толық медициналық көмек көрсетіліп, ота жасалды. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр», — деді Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов.
Тұрғындардың айтуынша, қанды оқиға балалардың көз алдында болған. Осыдан кейін көпшілік сыртқа шығуға қорқып қалғанын айтады.
Полиция күдіктіні бірден ұстап, қамауға алған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
RUS