SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысының жарлығымен Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кадрлық шешім 8 мамыр күні ресми жарияланды. Президент жарлығында Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың өңір басшысы қызметіне кіріскені айтылған.
Жаңа әкім – Сыр өңіріне жақсы таныс тәжірибелі басқарушылардың бірі. Ол 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын және Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданындағы Жамбыл кеңшарында экономист болып бастаған. Кейін аудандық өнеркәсіп бірлестігінде бөлім басшысы қызметін атқарды.
Әр жылдары банк секторында және мемлекеттік құрылымдарда түрлі лауазым иеленген. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті болған.
2008 жылдан бастап Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының басшысы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі қызметтерін атқарды. Бұдан бөлек, Алматы қаласы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» АҚ басқарушы директоры және облыстық жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі болды.
2017–2021 жылдары Қазалы ауданын басқарса, 2021 жылдан 2023 жылға дейін Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысын басқарған Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған еді.
RUS