SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жас әйел ішінің ауыруына шағымданып дәрігерге барған сәтте өзінің жеті айлық жүкті екенін біліп, тексеру кезінде босанып қалды.
Оқиға қалалық медициналық орталықтардың бірінде болған. Пациент дәрігерлерге іштің кебуі мен ішек тұсындағы ауырсынуға шағымданған. Сонымен қатар салмағының күрт өзгеруі де байқалған: алғашында арықтап, кейін қысқа уақыт ішінде қайта салмақ қосқан. Алайда оның да, жақындарының да бұл белгілердің жүктілікпен байланысты екенін ойламағаны айтылады.
Тексеру барысында мамандар ультрадыбыстық зерттеу жүргізіп, әйелдің шамамен жеті айлық жүкті екенін анықтаған. Күтпеген жағдайдың соңы босануға ұласқан — тексеру кезінде әйелдің толғағы басталып кеткен.
Клиника дәрігерлері шұғыл әрекет етіп, акушер-гинекологтар мен анестезиологтар босануды сол жерде қабылдаған. Нәтижесінде дүниеге дені сау қыз бала келген.
Дәрігерлердің мәліметінше, ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты. Медициналық көмек дер кезінде көрсетілген.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшілік дәрігерлердің жедел әрекетіне оң баға беріп жатыр.
RUS