SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Ыбықты Сай шатқалындағы жартасқа жазу қалдырған жас жігіт жауапқа тартылды. Табиғи нысанды бүлдірген әрекет әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін полицияның назарына ілінді.
Polisia.kz мәліметінше, құқық қорғау органдары интернетке мониторинг жүргізу кезінде белгісіз адамның тасқа өз есімі мен көлігінің мемлекеттік нөмірін жазып кеткен видеосы мен фотосын анықтаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп бұзушының жеке басы белгілі болды. Ол — 2005 жылы туған азамат. Жас жігітке қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материал толтырылып, іс сотқа жолданған.
Сонымен қатар құқық бұзушы өз әрекетінің салдарын жоюға мәжбүр болды. Ол жартасқа жазылған белгілерді өшіріп, шатқал аумағын бастапқы қалпына келтірген.
Полиция табиғи және тарихи нысандар — ортақ мұра екенін еске салып, мұндай әрекеттер үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ІІМ әлеуметтік желілерге мониторинг жалғасатынын және вандализм фактілері назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
RUS