SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында бұрынғы қайынатасына қоқан-лоқы көрсеткен ауыл тұрғыны сот шешімімен қоғамдық жұмысқа тартылды. Ер адам ашуға булығып, экс-жарының әкесіне 14 аудиохабарлама жолдап, түрлі сипаттағы қауіп айтқан. Бұл туралы Диапазон басылымы жазды.
Сот материалдарына сәйкес, 27 жастағы тұрғын алдымен бұрынғы қайынатасына қоңырау шалған. Алайда ер адам телефон тұтқасын көтермеген соң, айыпталушы мессенджер арқылы бірінен соң бірі қорқыту мазмұнындағы аудиохабарламалар жібере бастаған. Қауіптің шынайылығына алаңдаған жәбірленуші полицияға арыз түсірген.
Іс аясында психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалып, мамандар хабарламаларда нақты қоқан-лоқы белгілері бар деген қорытынды жасаған. Тергеу барысында күдікті дауыстың өзіне тиесілі екенін жоққа шығармаған. Оның айтуынша, айтылған сөздердің бәрі ашу үстінде шыққан, әрі бұрынғы қайынатасына зиян келтіру ойында болмаған.
Соған қарамастан, сот қауіп мазмұнындағы әрекеттер дәлелденгенін атап өтті. Үкімде жәбірленушінің айтылған қоқан-лоқы жүзеге асуы мүмкін деп қауіптенуіне толық негіз болғаны көрсетілген.
Нәтижесінде сот ауыл тұрғынын қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жөнінде жаза тағайындады. Енді ол белгіленген мерзімде қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысады.
RUS