SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Испания билігі бортында хантавирус анықталған MV Hondius круиздік лайнерінен ондаған адамды эвакуациялады. Қауіпті инфекцияға байланысты операция барысында 94 жолаушы қауіпсіз жерге шығарылған.
Испанияның денсаулық сақтау министрі Моника Гарсия эвакуацияның алғашқы кезеңі штаттық режимде өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жолаушылар бірнеше рейспен өз елдеріне жөнелтілген.
MV Hondius кемесі Кабо-Вердеде аялдағаннан кейін Канар аралдарына бағыт алған. Дәл осы арал маңында борттағы бірнеше адамнан хантавирус белгілері анықталып, алғашқы науқастар шұғыл эвакуацияланған еді.
Қазіргі мәлімет бойынша, тағы екі рейс ұйымдастырылады. Оның бірі Австралияға, екіншісі Нидерландқа бағытталады. Осыдан кейін лайнерде 34 адам ғана қалмақ.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы эвакуацияланған жолаушыларға 42 күндік карантин ұсынды. Ұйым індеттің таралу жолдарын анықтау үшін арнайы тексеру жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Атлант мұхитында саяхаттап жүрген лайнерде сирек кездесетін хантавирус індеті тіркелгені хабарланған болатын. Ауру салдарынан үш турист көз жұмды.
Кейінгі күндері хантавирусқа қатысты алаңдаушылық күшейе түсті. Израильде де инфекцияның алғашқы жағдайы тіркелді. Жергілікті билік науқастың Шығыс Еуропадан келгенін мәлімдеді.
Қазақстанның Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы да жағдайға байланысты пікір білдіріп, инфекцияның елге ену қаупіне мониторинг жүргізіліп жатқанын хабарлады.
RUS