SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украинада президент кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермак ірі көлемдегі қаржы жымқыру және ақшаны заңдастыру ісі бойынша күдікке ілінді. Елдің Ұлттық антикоррупциялық бюросы мен Мамандандырылған антикоррупциялық прокуратурасы оны 460 миллион гривнаны, яғни шамамен 8,9 миллион еуроны заңдастыру схемасына қатысы бар деп есептейді.
Тергеу мәліметінше, қаржы Киев маңындағы элиталы құрылыс жобалары арқылы айналымға енгізілген. Құқық қорғау органдары Ермак ұйымдасқан топ құрамында әрекет етті деп санайды. Бұл схема «Мидас» арнайы операциясы барысында әшкереленген.
Украиналық БАҚ-тың жазуынша, Андрей Ермак өзіне тағылған айыптарды мойындамай отыр. Ол өзінің жемқорлық қылмыстарға қатысы жоқ екенін айтып, «бір ғана көлігі мен бір ғана пәтері барын» мәлімдеген.
Еске салсақ, Владимир Зеленский Ермакты 2025 жылғы 28 қарашада қызметінен босатқан болатын. Бұған дейін ол «Энергоатом» компаниясына қатысты жемқорлық жанжалы мен тінту жұмыстарынан кейін отставкаға кету туралы өтініш жазған еді.
Андрей Ермак 2020 жылдың ақпанынан бері Украина президенті кеңсесін басқарды. Ол ұзақ уақыт бойы Зеленскийдің ең жақын серіктерінің бірі әрі елдегі ықпалды тұлғалардың қатарында аталып келді.
Президент кеңесшісі Дмитрий Литвин бұл іске қатысты ақпаратты күтпеген жағдай деп санамайтынын айтты. Оның сөзінше, Ермак төңірегіндегі күмән мен даулы әңгімелер Украина медиасында бұрыннан талқыланып жүрген.
RUS