SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Ыбықты Сай шатқалындағы жартасқа есімі мен көлігінің мемлекеттік нөмірін жазып кеткен тұрғын қамауға алынды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде табиғи нысанға жазу қалдырылғанын анықтаған. Видеода ер адам тас жынысына өз аты-жөні мен автокөлік нөмірін жазып кеткені көрінеді.
Тексеру барысында күдікті ретінде Маңғыстау облысының 21 жастағы тұрғыны анықталған.
Полиция аталған дерек бойынша вандализм фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сот шешімімен жігіт 25 тәулікке қамауға алынып, тергеу изоляторына жіберілген.
Ведомство өкілдері табиғи нысандарға, тарихи-мәдени ескерткіштерге немесе жартастарға жазу жазу мен сурет салу заңмен қудаланатынын еске салды. Мұндай әрекеттер әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін полицейлер 2005 жылы туған азаматтың Ыбықты Сай аумағындағы тасқа жазу қалдырғанын анықтаған болатын. Кейін оның жазуларды өшіргені де хабарланған еді.
RUS