SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында көпқабатты үйдің терезесінде отырған қыз туралы хабарлама полицияны мүлде басқа қылмыстың ізіне алып келді. Тәртіп сақшылары оқиға орнына жеткенде 20 жастағы қыздың синтетикалық есірткі таратумен айналысқаны анықталған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «102» арнасына көпқабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабатындағы терезеде қыз отырғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы дереу барған.
Тексеру барысында полицейлер бойжеткеннің өзін оғаш ұстап тұрғанын байқаған. Құқық қорғау органдары ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алып, қызды қауіпсіз жерге түсірген.
Алайда тексеру мұнымен аяқталмаған. Полиция подъезд ішінен изолентамен оралған 31 түйіншекті тәркілеген. Кейін жалдамалы пәтерге жүргізілген тінту кезінде тағы екі аэрозоль баллоны табылған.
Тергеу мәліметінше, күдікті биыл сәуір айынан бастап Telegram мессенджері арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың «скорость» деп аталатын синтетикалық есірткі екенін көрсеткен. Жалпы салмағы 14 грамнан асқан.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оған мүлкі тәркіленіп, бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
RUS