SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылордада жатақханадан 16 жастағы студенттің мәйіті табылды. Қайғылы оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады.
«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, марқұмның туыстары жасөспірім жоғары курс студенттерінің қатыгез соққысының құрбаны болды деп есептейді. Отбасының айтуынша, үшінші курс студенттері кәмелетке толмаған бозбаланы соққыға жығып, кейін болған жайтты жасыруға әрекеттенген.
Марқұмның әпкесі жасөспірімнің денесін қан-жоса күйде дәлізбен сүйреп апарып, кейін бөлмелердің біріне жасырғанын мәлімдеген.
Ал әкесі жатақханада кіші курс студенттерін спортзалға алып кетіп, жүйелі түрде қорлық көрсетілгенін айтты.
Марқұмның жақындары тек жанжалға қатысқандарды ғана емес, студенттердің қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлерді де жауапқа тартуды талап етті.
Қызылорда облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша «абайсызда емес, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру салдарынан адам өліміне әкелу» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ полиция тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауына алынғанын атап өтті.
RUS