SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ІІМ Көкшетауда адам өліміне әкелген жол апатына қатысты тергеудің қашан аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, аталған факті бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалған. Біріншісі — көлік тізгінінде болған жүргізушіге қатысты. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша іс тіркелген. Қазір сот шешімімен күдікті үйқамаққа алынған.
Министр орынбасарының сөзінше, бұдан бөлек көлікті жүргізуші куәлігі жоқ адамға басқаруға берген азаматқа қатысты да жеке іс қозғалды. Бұл эпизод ҚР Қылмыстық кодексінің 349-бабы бойынша тергеліп жатыр.
«Автотехникалық сараптама қорытындысын алғаннан кейін, шамамен бір ай ішінде тергеуді аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деді Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, 349-бап бойынша кінәлі деп танылған адамға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салсақ, жуырда Көкшетаудағы Сарыарқа шағынауданындағы аулалардың бірінде қайғылы жол-көлік оқиғасы болған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өз көлігін жүргізуші куәлігі жоқ жұбайына берген. Соның салдарынан әйел адам жаяу жүргіншіні қағып кетіп, зардап шеккен азамат оқиға орнында көз жұмған.
RUS