Алматыда жекеменшік мектеп оқу ақысын 400 мың теңгеге дейін көтермек
Ата-аналар мектеп ақысы қымбаттағаннан кейін сотқа жүгінбек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде оқу ақысының күрт қымбаттауы ата-аналардың ашуын туғызды. Кейбірінің айтуынша, жаңа тариф бойынша бір балаға айына шамамен 400 мың теңге төлеуге тура келеді.
Телеарна мәліметінше, наразы ата-аналар мектеп ғимаратының алдына жиналып, жаңа бағаға қарсылық білдірген. Олардың сөзінше, қыркүйектен бастап оқу мен тамақтану ақысын қоса есептегенде төлем көлемі 380 мың теңгеге дейін жетпек.
Ата-аналардың бірі Анна Шувалова мұндай өсім өзін есеңгіреткенін айтты.
«Бұл мен үшін ауыр соққы болды. Енді тамақпен бірге айына 380 мың теңге төлеуіміз керек деген хабарлама келді. Шын мәнінде, баға екі еседен де көп өсті», – деді ол.
Тағы бір ата-ана Құралай Әлиеваның айтуынша, былтыр ұлын осы мектепке айына 208 мың теңгеге берген. Алайда бірнеше айдан кейін әкімшілік оқу ақысының 83 пайызға өскенін хабарлаған.
Ол мектептің әрекетін әділетсіз деп санайтынын айтып, басқа ата-аналармен бірге сотқа жүгінуге ниетті екенін жеткізді.
Соған қарамастан, көпшілік балаларын басқа мектепке ауыстырғысы келмейді. Себебі оқушылар ұстаздарға және мектеп ортасына бейімделіп үлгерген.
Мектеп өкілі ата-аналарға заңгерлер ресми жауап дайындап жатқанын айтып, нақты түсініктеме шамамен 19 мамырда берілетінін мәлімдеді.
Ал қалалық білім басқармасы жекеменшік мектептердің оқу ақысын өздері белгілейтінін хабарлады. Заңгерлер болса, ата-аналарға келісімшарт талаптарын мұқият қарап шығуға кеңес беріп отыр. Егер шарт бұзылса, прокуратураға және білім сапасын бақылау органдарына ұжымдық шағым түсіруге болатынын айтты.
Материал авторы