Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты басталды
Бүгін бір отбасыны аяусыз өлтіріп, олардың есепшоттарын пайдаланған күдіктінің соты басталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда Жангелдин ауылындағы бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша сот процесі басталады. Іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының қарауына түскен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев әйелінің туыстары — қайын атасы, қайын енесі, әйелінің ағасы мен әпкесін өлтірді деген күдікке ілінген. Алғашқы ашық сот отырысы бүгін сағат 11:00-ге белгіленді. Істі судья Зарема Хамидуллина қарайды.
Бұл қылмыстық оқиға былтыр қоғамды дүр сілкіндірген еді. 2025 жылдың желтоқсанында Атырау облысы тұрғыны полицияға жүгініп, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт хабарсыз кеткенін айтқан. Із-түзсіз жоғалғандар — Қызылқоға ауданындағы Жаңгелдин ауылының тұрғындары болған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, ерлі-зайыпты мен олардың 32 және 35 жастағы екі баласы қараша айында үйден шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған. Кейін олардың ұялы телефондары Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде қосылып-өшіп тұрғаны анықталған. Соңғы сигнал Шымкент қаласынан тіркелген.
2026 жылдың 6 қаңтарында ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды. Ал кейінірек жоғалған Наурыз бен Мирамгүлдің денелері Атырау маңындағы Геолог ықшамауданынан анықталған. Тергеу мәліметінше, бұл үйді күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайымен бірге жалдап тұрған.
Марқұмдардың туыстары оғаш жайтты да мәлімдеген. Олардың айтуынша, 66 жастағы Мақсот Мұқанғалиев пен жұбайы қаза тапқаннан кейін де отбасы мүшелерінің телефонынан дауыстық хабарламалар келіп тұрған. Жақындары бұл жазбаларды әлдекім алдын ала жазылған аудиоларды жіберу арқылы таратқан деп күдіктенеді.
Кейін күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Ол Индонезия аумағында ұсталып, одан бірнеше телефон мен жеке куәліктер тәркіленген. Тергеушілердің болжамынша, кей заттар жоғалған отбасы мүшелеріне тиесілі болуы мүмкін.
Полиция мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Ұрлық» баптары бойынша тергеліп жатыр. 10 мамырда сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны белгілі болды. Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев өз кінәсін мойындаған және қазір Атыраудағы тергеу изоляторында сотты күтіп отыр.
Материал авторы