Иран Ормуз бұғазын жауып, АҚШ базаларын «істен шығарамыз» деді
Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуі тоқтап, мұнай нарығындағы қысым күшейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран Парсы шығанағындағы АҚШ әскери базаларын «істен шығарамыз» деп мәлімдеді. Қоқан-лоқыны Ислам революциясы сақшылары корпусының өкілі Эбрагим Зольфагари жасады.
Оның сөзінше, соңғы тәулікте Иран әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы бірде-бір кеменің өтуіне мүмкіндік бермеген. Сондай-ақ ол жақын уақытта Парсы шығанағының оңтүстігіндегі америкалық әскери нысандар толық «бейтараптандырылатынын» айтты.
«Біз жаңа тәртіп құрамыз», – деді Зольфагари Fox News арнасына берген мәлімдемесінде.
Еске салсақ, ақпан айының соңында Иран АҚШ пен Израиль соққыларына жауап ретінде Ормуз бұғазын жапқан болатын. Әлемдік мұнай тасымалының маңызды бөлігі өтетін бұл бағыттағы блокада жаһандық энергетика нарығына ауыр соққы болды.
Қазіргі таңда мұнай бағасы барреліне шамамен 100 доллар деңгейінде сақталып отыр. Бірқатар елде жанармай тапшылығы күшейген. Бұған жауап ретінде АҚШ Иран порттарына қысымды арттырып, Тегеранның кіріс көздерін шектеуге кіріскен.
Сарапшылардың пікірінше, Парсы шығанағындағы шиеленістің күшеюі әлемдік экономика мен мұнай нарығындағы тұрақсыздықты одан әрі ушықтыруы мүмкін.
Материал авторы