814

Алматы соты Болат Назарбаев мұрагерлеріне қатысты істі қараудан бас тартты

Мемлекет мәмілені жарамсыз деп танып, шығын өндіруді талап еткен.

Алматы соты Болат Назарбаев мұрагерлеріне қатысты істі қараудан бас тартты
saliqaly.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Болат Назарбаевтың мұрагерлері мен PLS компаниясына қарсы берген талап арызы Алматы соттарында қараусыз қалды. Сот істі мәні бойынша талқылауға кіріспестен, процессуалдық қателікке байланысты талапты кері қайтарды. Бұл туралы Bes.Media жазды. 

Мәселе мемлекет дауды жеңіліп қалды дегенге тірелмейді. Сот мәміленің заңдылығын, келтірілген шығын көлемін немесе оны өндіріп алу мәселесін мүлде қарамаған. Себеп — жауапкерлер қатарында кәмелетке толмаған мұрагерлердің болуы.

Соттың пайымынша, іс балалардың мүліктік құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатысты болғандықтан, оны қарапайым аудандық сот емес, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарауы тиіс.

Алматы қалалық соты бұл ұстанымды қолдап, бірінші инстанция шешімін күшінде қалдырған.

Талап арыз PLS инвестициялық-құрылыс компаниясына, 2023 жылдың 13 қарашасында қайтыс болған Болат Назарбаевқа және оның мұрагерлеріне қарсы берілген. Жауапкерлер қатарында Нұрбол Назарбаев, Ханболат Назарбаев және басқа да мұрагерлер көрсетілген. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар да бар.

Комитет соттан мәмілені жарамсыз деп тануды және келтірілген шығынды өндіріп алуды сұраған. Алайда сот құжаттарында нақты қандай мүлік туралы сөз болып отырғаны және шығын көлемі ашық көрсетілмеген.

Бұл даудың түп-тамыры Алматы ауыр машина жасау зауыты төңірегіндегі активтерге барып тіреледі. Тергеу материалдарына сәйкес, 2007 жылы зауыт PLS компаниясына 26,58 гектар жерді, жанармай бекетін және бірқатар нысанды 529,9 миллион теңгеге сатқан.

Тағы бір жер телімі кейін Болат Назарбаевтың иелігіне өтіп, 2009 жылы қайтадан PLS компаниясының активіне айналған. Осыған байланысты компания бірнеше жылдан бері зауыттың жер активтері мен Назарбаев әулетіне қатысты дауларда аталып келеді.

Сот шешімі талаптың мазмұнын емес, тек қай сот қарайтынын анықтап берген. Енді мемлекет бұл істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі арнайы сотқа қайта жолдауы мүмкін.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор