«Наурызды өлтіріп, атына несие алған»: прокурор қылмыс қалай жасалғанын айтты
Сотта Жангелдин ауылындағы отбасы мүшелерінің қаза табу хронологиясы толық әшкереленіп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза болуына қатысты іс бойынша сотта прокурор қылмыстың мән-жайына қатысты жаңа деректерді жария етті. Бұл туралы Kazinform жазды.
Прокурор Мирас Бауыржановтың айтуынша, Сәрсемәлиев 2025 жылдың наурыз айында Атырау қаласының Мұнайшы шағын ауданындағы өз үйінде әйелінің бауыры Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген. Қылмыстан кейін ол марқұмның атына арнайы мобильді қосымша арқылы 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген.
Бұдан кейін бірнеше күн өткен соң, айыпталушы WhatsApp мессенджері арқылы Наурыздың телефонынан Нәсіп Өтешқалиевадан 350 мың теңге сұратқан. Ақша такси қызметін көрсеткен азамат арқылы жеткізіліп, кейін терминал арқылы марқұмның есепшотына аударылған.
2025 жылдың қараша айында Сәрсемәлиев жұбайы және қызының бірімен Жангелдин ауылына қонаққа барған. Сол кезде отбасы мүшелері арасында жанжал туындағаны айтылды.
Прокурордың дерегінше, айыпталушы ауладағы қорада шаруамен айналысып жүрген Нәсіп Өтешқалиеваны көріп, оны өлтірген. Одан кейін ол қайын атасына ауыр жарақат салып, мәйітін қора маңына жасырған.
Айта кетейік, сот процесі ашық режимде өтіп жатыр. Істі Атырау облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Зарема Хамидуллина қарап жатыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Бірнеше адамды өлтіру») бойынша айып тағылған. Сонымен қатар 188 және 190-баптар бойынша — ұрлық пен алаяқтық деректері де іске қосылған. Бұл мал сату және марқұмдардың банк карталарын пайдалану фактілеріне байланысты.
Бұған дейін 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылынан бір отбасының жоғалғаны хабарланған еді. Кейін 2026 жылдың 6 қаңтарында Атырау облысындағы шаруашылық құрылыстардың бірінен жоғалған ерлі-зайыптылардың денесі табылған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамырында қаза тапқан. Ал отбасының қалған үш мүшесі — қараша айында көз жұмған.
2026 жылдың 9 қаңтарында бұл қылмысқа күдікті ретінде күйеу бала Сәрсемәлиев іздеуде екені ресми жарияланды.
Кейін ол 24 ақпанда Индонезия аумағында ұсталып, наурыз айында Қазақстанға жеткізілген.
Прокуратура сонымен қатар отбасы мүшелерінің бірі Акбаян Мұқанғалиеваның қылмысқа қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеп, оның үстінен қозғалған іс тоқтатылғанын хабарлады.
Іс бойынша тергеу жалғасуда.
Материал авторы