487

Ақтауда «Жасыл елге» құжат тапсыру кезінде адам тапталып, әйел есінен танды

Жастар бағдарламасына кезекке тұрғандар ғимаратқа сыймай қалды.

Ақтауда «Жасыл елге» құжат тапсыру кезінде адам тапталып, әйел есінен танды
Lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда «Жасыл ел» жастар еңбек бағдарламасына құжат қабылдау кезінде үлкен кептеліс болып, бір әйел есінен танып қалды. Оқиға 18 мамыр күні 6-шағынаудандағы «Арман» жастар орталығының ғимараты маңында болған.

Қала тұрғындары түсірген видеода ғимарат алдында және ішінде қалың адам жиналғаны көрінеді. Кадрлардың бірінде еденде жатқан әйел байқалады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қысым кезінде оның жағдайы нашарлап, есінен танып қалған.

Тұрғындардың сөзінше, кейбір адамдар таңғы сағат 6-дан бастап кезекке тұрған. Алайда кейін екі түрлі тізім жүргізілгені белгілі болып, азаматтар қайтадан тіркелуге мәжбүр болған.

Сағат 09:00-ге қарай ғимарат алдында адам саны күрт көбейген. Тұрғындардың айтуынша, алдын ала кезекке жазылғандардың өзі ішке кіре алмаған. Кейбірі тәртіпті қамтамасыз ету үшін келген полиция қызметкерлері сырттағы жағдайды реттеудің орнына ғимарат ішіне кіріп кеткеніне наразы болды.

«Құжат қабылдауды онлайн форматта ұйымдастыруға болмай ма? Бұл адамдарды әбден әуреге салу ғой», — деді Ақтау тұрғындарының бірі.

Маңғыстау облысының әкімдігі оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, жастар бағдарламасына қызығушылықтың жоғары болуына байланысты орталық маңына 100-ден астам адам жиналғанын хабарлады.

Әкімдік мәліметінше, азаматтардың күрт көп келуі салдарынан ғимарат ішінде қысым туындап, келушілердің бірінің жағдайы нашарлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылып, әйелге медициналық көмек көрсетілген. Ресми ақпарат бойынша, оның өміріне қауіп жоқ.

Кейін жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылданған. Атап айтқанда, құжат қабылдау терезелерінің саны көбейтіліп, азаматтарды тіркеу жұмысына 20-ға дейін маман тартылған.

Сондай-ақ 140 адамға арналған бөлек күту залы ұйымдастырылған. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, осыдан кейін адамдар легі реттеліп, өтінім қабылдау қалыпты режимге көшкен. Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіпті құқық қорғау органдары бақылауда ұстап отыр.

Материал авторы