Шымкенттік кәсіпкер 800 миллион теңгенің тауарына алданып қалды
Алматыдан шыққан жүк Шымкентке жетпей жоғалып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте құны 800 миллион теңгеден асатын тауар партиясына қатысты ірі алаяқтық дерегі әшкереленді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, кәсіпкерге тиесілі темекі өнімдері тасымал кезінде қолды болған.
Шымкент қаласының полиция департаменті хабарлауынша, жергілікті кәсіпкер полицияға жүгініп, аса қомақты шығынға ұшырағанын айтқан. Оның мәліметіне сәйкес, құны 800 миллион теңгеден асатын темекі өнімдері Алматыдан Шымкентке логистикалық компания арқылы жеткізілуі тиіс болған.
Алайда жүк жолда белгісіз тұлғалардың қолына өтіп кеткен. Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер өнім партиясын тасымалдау барысында заңсыз иемденген.
Жедел іздестіру және тергеу шаралары кезінде полицейлер екі күдіктіні анықтап, ұстаған. Сонымен қатар кәсіпкерге ұрланған тауардың бір бөлігі қайтарылған.
Қазіргі уақытта аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтауға кіріскен.
Материал авторы