826

АҚШ-тағы ірі мешітке шабуыл жасалып, үш адам қаза тапты

Шабуылға күдікті екі жасөспірім оқиғадан кейін көлік ішінде өлі табылды.

АҚШ-тағы ірі мешітке шабуыл жасалып, үш адам қаза тапты
cbsnews.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ислам орталығы Сан-Диего мешітіне жасалған қарулы шабуыл салдарынан үш адам қаза тапты. АҚШ құқық қорғау органдары бұл оқиғаны діни өшпенділік негізінде жасалған қылмыс ретінде тергеп жатыр.

CBS News мәліметінше, шабуылға күдікті 17 және 18 жастағы екі жасөспірім оқиғадан кейін бірнеше квартал жердегі көліктен өлі табылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар өздеріне қол салған.

Қаза болғандардың бірі — ислам орталығының күзетшісі. Полиция оның әрекеті әлдеқайда ауқымды шабуылдың алдын алуда шешуші рөл атқарғанын мәлімдеді.

Скотт Валь баспасөз мәслихатында шабуылға дейін күдіктілердің бірінің анасы полицияға хабарласқанын айтты. Әйел ұлының жоғалып кеткенін, сонымен бірге бірнеше қару мен көлігінің де жоқ екенін жеткізген.

Оқиғаға АҚШ президенті Дональд Трамп пікір білдіріп, атысты «қорқынышты жағдай» деп атады.

Ал Гэвин Ньюсом қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, діни қауымдастықтарға қарсы зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін мәлімдеді.

«Әлемдегі ешбір дін өкілі өз өмірі үшін қорықпауы керек. Калифорнияда өшпенділікке орын жоқ. Біз діни қауымдарға қарсы террор мен қорқыту әрекеттеріне төзбейміз», — деді губернатор.

Айта кетейік, Сан-Диего ислам орталығы — өңірдегі ең ірі мешіттердің бірі. Оның құрамында араб тілі, исламтану және Құран сабақтары оқытылатын Аль-Рашид мектебі жұмыс істейді. 

Материал авторы