533

Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылды

Бішкекте өткен халықаралық жиында ақынның Нобель сыйлығына лайық екені айтылды.

Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылды
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бішкек қаласында Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында қазақ ақынының кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну бастамасы көтерілді.

Бұл ұсынысты қырғызстандық ғалым Зайнидин Курманов жариялаған. Ал бастаманы Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық Ыстықкөл форумы қоғамдық бірлестігінің президенті Асқар Айтматов қолдады.

Оның айтуынша, халықаралық жиынның негізгі мақсаты — Олжас Сүлейменовтің әдебиеттегі, дипломатиядағы және қоғамдық қызметтегі еңбегін халықаралық деңгейде насихаттау.

Белгілі меценат әрі қоғам қайраткері Асқар Салымбеков өз сөзінде Олжас Сүлейменовті әлем әдебиетіндегі бірегей құбылыс деп атады. Ол кеңес кезеңінде тыйым салынған Аз и Я кітабының қолдан-қолға өтіп, оқырман арасында ерекше сұранысқа ие болғанын еске алды.

Жиында ақынның антиядролық қозғалыстағы тарихи рөліне де ерекше назар аударылды. Қатысушылардың айтуынша, Невада — Семей қозғалысы ядролық державалардың қаруды таратпау жөніндегі келісімдерге келуіне ықпал еткен маңызды қоғамдық күшке айналды.

Бұған дейін Дархан Сатыбалды ақынға Қасым-Жомарт Тоқаевтың 90 жылдық мерейтойға арналған құттықтауын табыстаған еді. Сонымен қатар Олжас Сүлейменовтің әдебиетке, қоғамдық ойға және ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қосқан үлесіне жоғары баға берілген.

Материал авторы