«Үш ай ғана әкім болды»: СҚО-да әкім көз жұмды
Үш ай бұрын ғана әкім болған Ерлан Смайыловтың қазасы тексеріліп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында Ақжар ауданына қарасты Май ауылдық округінің әкімі Ерлан Смайылов қайтыс болды. Бұл туралы «Криминальный Казахстан» Telegram арнасы хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 18 мамыр күні болған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Ерлан Смайылов Май ауылдық округінің әкімі қызметіне 2026 жылғы 17 ақпанда ғана тағайындалған. Яғни ол бұл қызметте небәрі үш ай жұмыс істеген.
Мемлекеттік қызметке дейін ол Майское-Агро серіктестігінде директордың орынбасары болған.
Соңғы уақытта жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен болған осындай қайғылы оқиғалар жиілеп кеткені қоғам назарын аударып отыр.
Бұған дейін Ақтөбе облысында Кеңқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қуанышбек Серікжанов өлі табылған еді. Сондай-ақ Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетовтің қазасы да қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.
Материал авторы