Қазақстаннан Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейстер қашан ашылатыны белгілі болды
Жыл соңына дейін Астанадан тағы бес халықаралық бағыт ашу жоспарланған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстаннан Токио мен Нью-Йоркке тікелей әуе рейстері қашан ашылатынын мәлімдеді.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігінен жаңа халықаралық бағыттарды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрады.
Министрдің айтуынша, Токио бағыты бойынша тікелей рейстер 2026 жылдың төртінші тоқсанында ашылады. Ал АҚШ-қа тікелей әуе қатынасы 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Сондай-ақ ведомство Астанадан қазірдің өзінде 34 халықаралық рейс орындалатынын хабарлады. Жыл соңына дейін тағы бес жаңа бағыт ашу көзделіп отыр.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі басқармасының бас директоры Майкл Дэниел Қазақстанның FAA CAT 1 мәртебесін алу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Бұл мәртебе АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, 2024 жылғы техникалық тексеруден кейін анықталған кемшіліктерді жою және халықаралық талаптарды орындау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға FAA IASA сарапшылар тобы шақырылмақ.
Майкл Дэниелдің айтуынша, АҚШ тарапы Қазақстанның халықаралық авиациялық стандарттарды заңнамалық және практикалық деңгейде қаншалықты сақтайтынын бағалайды. Елдің негізгі мақсаты — 2026 жылдың қарашасында FAA CAT 1 мәртебесін алу.
Ол үшін авиациялық бақылау жүйесін күшейту, инспекторлардың кәсіби деңгейін сақтау және халықаралық стандарттарды толық енгізу қажет екені айтылды.
Материал авторы